Архив – тарихи шежіре қоймасы ғана емес, әр ұлттың даму жолын, болмысын, арман-тілегін, ақыл-ойын, даналығы мен даралығын сақтайтын киелі орын. Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің 95 жылдығы және 22 желтоқсан-Архившілер күніне орай Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен архивші мамандығының мәртебесін көтеру, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында облыстық «Үздік архивші» байқауы өткізілді. Байқауға Қызылорда облысының мемлекеттік архиві және филиалдарынан 11 архивші мамандар қатысты. Шараны Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының архив және құжаттама бөлімінің басшысы Н.Әбілдаева төл тарихымызды жинақтап, сақтап, өткенді бүгінмен, бүгінді ертеңмен сабақтастырып отырған алтын арқаудың үзілмей, архив саласын дамытуда еңбек етіп жүрген архившілердің мәртебесін көтеруде осындай игі шаралар жалғасын табады деген сенім білдірді. Өз кезегінде сөз алған архив саласының ардагері Г.Рахметова ел игілігіндегі құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, асыл мұраларды болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жеткізуде архившілердің ролі зор екендігін атап өтті. Байқау тапсырмалары 4 кезең бойынша өтті. Қатысушылар сәлемдесуде өздерін таныстырып, архив саласына қатысты заңнамалар, архив мекемелері жұмысының нормативтері мен регламенті бойынша тест тапсырмасын орындап, «Мамандығым мақтанышым» тақырыбында архив жұмысы бойынша бейнеролик және үйге берілген тапсырма бойынша өз өнерлерін ортаға салып сайысқа түсті. Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Қармақшы аудандық архиві филиалының ІІ санатты архивисі Н.Аяғанов, І орынды Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің ІІ санатты археографы А.Әлиасқарова, ІІ орынды қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиалының ІІ санатты архивисі Ә.Басанова, ІІІ орынды облыстық архивтің ІІ санатты архивисі Ш.Төлегенова иеленді. Қатысушыларға «Ең үздік танытылым», «Креативті маман», «Ізденімпаз» номинациялары, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.Шара соңында қатысушылар «Қызылорда облысына-85 жыл», «Архив – ұлттық құндылықтар қазынасы» тақырыбындағы тарихи-құжаттық көрмелерге экскурсия жасады.