Өткенімізді көз алдымызға келтіріп, болашаққа қызмет ететін, ел тарихын байытатын, мемлекетіміздің құнды мұрасын сақтайтын мекеме ол – архив. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен 22 желтоқсан архившілер күні болып белгіленді. Осыған орай бүгін Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен ата-бабаларымыздан қалған құнды деректердің сақталып, кейінгі ұрпаққа мирас болып қалуы үшін аянбай еңбек етіп, бар қажыр-қайратын жұмсаған архив саласының ардагерлерінің қатысуымен «Ұлт тарихын сақтаған маман иелері» тақырыбында кездесу өткізілді. Шараның мақсаты архив саласын дамытуда еңбек еткен архив мамандарының өнегелі өмірін жастарға үлгі ету, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу.
Шараны Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева ашып, халқымыздың құжаттық мұрасын сақтап қалу жолында ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген архившілерді және архив саласы ардагерлерін меркемен құттықтады. Шара барысында сөз алған ардагер Ү.Балабаева қарт тарихтың қойнауында жатқан әрбір парақ құжат пен әрбір дана жәдігер архившілер үшін баға жетпес байлық екенін айта отырып, архив ұжымына алғысын білдірді. Сонымен қатар архив саласының ардагері Б.Қосжанова тарихты жасау мен қалыптастыру жолындағы қиын да қызықты естеліктерімен бөлісті. Шара соңында Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі жанындағы қосымша білім беру орталығының «Жас дарын» хор үйірме мүшелері өнер көрсетті. Қонақтарға «Ұлт тарихының алтын қоймасы - архив» атты бейнеролик көрсетіліп, архив қоры құжаттарынан дайындалған «Архив – тарихи құндылықтар қазынасы» атты көрме таныстырылып, сый-сияпат тарту етілді.