25 қазан – Қазақстан Республикасы күні мемлекеттіліктің символы болып саналатын маңызды мереке, еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. Дәл осы күні 25 қазанда қазақ елі декларация жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады. Бұл – қазақ тәуелсіз мемлекет ретінде танылған алғашқы оқиға. Тәуелсіздігіміздің кірпішін қалап берген бұл күнді мереке етіп өткізу қазақ халқының қуанышы. Осыған орай Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде «Жас архивистер және тарихшылар» клубының ұйымдастыруымен «Тұғыры биік, менің елім Қазақстан» тақырыбында арнаулы орта және орта оқу орындарының студенттері мен оқушылары арасында жас ақындардың облыстық патриоттық жыр мүшәйрасы өткізілді.
Шараға М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенттері, Қызылорда қалалық химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі және қаладағы орта мектептердің оқушылары қатысты. Шараны Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева ашып беріп, көпшілікті Республика күнімен құттықтап, үлкен додада бақ сынағалы отырған жас таланттарға сәттілік тіледі. «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі, ұстаз, ақын М.Байдаулетов бүгінгі байқау жас ақындардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын арттыра түсетінін айтып, өз туындыларының көркемдік деңгейі шыңдалатынына сенім білдірді. Қазылар алқасында «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі, ұстаз, ақын М.Байдаулетов, Облыстық тілдерді оқыту орталығы ғылыми әдістемелік бөлімінің басшысы А.Омарова, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі А.Оралбай төрелік етті. Шара барысында Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі жанындағы қосымша білім беру орталығының «Жас домбырашылар» ансамблінің мүшелері күй орындап, зал қошеметіне бөленді. Ережеге сәйкес 19 ақын өз шығармашылығынан өлеңдерін оқып, көрермен қауымды мән-мағыналы әрі жалынды жырларымен қуантты. Байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлдені М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті Н.Теміршіхан, І орынды Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектебінің оқушысы Ж.Рамазан, ІІ орынды Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектебінің оқушысы Д.Арыстанбек, Ж.Махамбетов атындағы №43 орта мектебінің оқушысы Ұ.Әбиева, ІІІ орынды №257 орта мектебінің оқушысы М.Өтеген, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің оқушысы Н.Теміршіхан иеленіп, дипломмен марапатталды. Қалған қатысушыларға алғыс хат табысталды. Шара соңында архив қоры құжаттарынан дайындалған «Тарих айнасы архив құжаттарында», «Тау тұлға Әбдіжәміл Нұрпейісов» тақырыбындағы көрмелер таныстырылып, қор сақтау қоймалары мен бөлімдердің жұмыстарына экскурсия жасалынды.