25 қазан – Республика күні. Тәуелсіздігіміздің тұңғыш декларациясы қабылданған күн. 1990 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация – Тәуелсіздіктің бастауы болды. Сол күннен бастап халқымыз азаттықтың ақ таңының атарына сенді, болашаққа нық қадам басты. Республика күнін мерекелеу 2009 жылы ресми мерекелер тізімінен алынып тасталған еді. Алайда тарихи және мемлекеттік маңызы зор бұл күн 2022 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен қайта жаңғыртылып, ұлттық мереке мәртебесін алды.
Осы айтулы күнге орай 2025 жылғы 22 қазанда Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің мәжіліс залында жас мамандардың тарихи-танымдық білімдерін жетілдіру, архив құжаттарымен жұмыс жасау тәжірибесін, ғылыми ізденісін дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында «Жас архивистер және тарихшылар» клубының ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің тарихы мен бүгіні» атты тарихи-танымдық сайыс өткізілді. Сайысқа С.Әлжіков атындағы №144 орта мектебі, Ә.Құдабаев атындағы №197 орта мектебі, П.Осипенко атындағы №8 орта мектебі, Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектебі, №2 Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп, Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейі, Р.Әліарыстанұлы атындағы жеке мектеп, №268 мектеп-лицейі, С.Лапин атындағы №261 орта мектебінің тарих пәні мұғалімдері қатысты. Тағылымды шарада Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева сөз алып ұлттық мерекемен құттықтап, жас мамандарға сәттілік тіледі. Жас тарихшылардың біліктілігін бағалауға Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева, Өрлеу БАҰО АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Қ.Есекеева, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің оқу бөлімінің меңгерушісі, тарих пәнінің оқытушысы Э.Айымбетова қазылық етті. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші «Тарих тағылымы» кезеңінде қатысушылар Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды даталар мен оқиғаларға байланысты тест сұрақтарына жауап берсе, екінші «Архив пен тарих сөйлейді» кезеңі бойынша архив деректеріне сүйене отырып тәуелсіздік жылдарындағы Қызылорданың экономикалық және мәдени дамуы, жеткен жетістіктері және тарихи кезеңдерге қатысты зерттеу жұмыстарын қорғап, өз білімдерін ортаға салды. Сайыс қорытындысымен жүлделі І орынды С.Лапин атындағы №261 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Ж.Тлеубаева, ІІ орынды Р.Әліарыстанұлы атындағы жеке мектептің тарих пәні мұғалімі А.Оспанов, №268 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Г.Садирсламова иеленіп, қалған қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Шара соңында қатысушыларға архив қоры құжаттарынан дайындалған тарихи-құжаттық көрме таныстырылып, Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары өнер көрсетті.






