2022 жылдың 17 қарашасында Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның облыстық жұмысшы тобының мүшелері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Тұяқбаев Ғабит Әнешұлының, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Жұмаділдаев Мәулен Мұратбекұлының қатысуымен кездесу өткізілді.
Шара барысында қонақтар сөз алып, Президенттің саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жарлығына сәйкес 2021 жылдың 20 қаңтарында облыс әкімінің №185 қаулысы негізінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдарынан, зерттеушілер мен өлкетанушылардан тұратын облыстық жұмысшы тобының жұмыс жасап жатқанын мәлімдеді. Жұмыс барысында ұлт-азаттық қозғалыс және саяси қуғын-сүргін құрбандарының, соғыс жылдары кеңестік әскери тұтқындар қатарынан құрылған Түркістан легионына қатысқандар, Қарақұм көтерілісіне қатысушылар, ұлтшыл-байшылдар деп айыпталып, іс қозғалып жер аударылғандар туралы және архив қорындағы құжаттардан ұжымдастыру қалай басталды, байларды тәркілеу, 1920 жылдардағы ірі көтерілістің басында тұрған байлар, бай-кулактардың көзін жою, оларды жер аудару бойынша тың деректердің кездескенін айтты.
Сонымен қатар, Қызылорда облысының мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Ж.Алтынбаева мемлекеттік архивтерде құрылған қуғын-сүргін мәселелері жөніндегі арнайы қорлар мен тізімдердің жасақталғанын, Мемлекеттік архивтердің 11 қорынан 140-қа жуық құжат, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының ведомостволық арнайы архивінде айқындау жұмыстары жүргізіліп, 78 құжат іріктелгенін атап өтті.
Шара соңында архивтік құжаттарын жүйелеу, қуғын-сүргінге қатысты құжаттарды әлі де айқындап, зерттеу жұмыстарын жалғастыруға қатысты ұсыныстар айтылып, ой-пікірлерін ортаға салды.