Қарапайым теміржолшыдан облысты басқару дәрежесіне көтеріліп, Сыр өңірінің ыстық-суығына көніп, талай істің жанашыр бастамашысы болып, халқын үйіріп ізге ертіп, қыруар жұмыстардың бітуінің ұйытқысы болған нар тұлғалы азаматтардың бірі, қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиұлы Қалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде «Тұғыры биік парасатты ғұмыр иесі» тақырыбында кездесу өткізілді.
Тағылымды шараға қоғам қайраткері Әбішов Сайлаубай Әбішұлы, Ы.Қалиевтің ұрпағы Қалиева Фарида Ыдырысқызы, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі және Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектебінің мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары қатысты. Кездесуде қоғам қайраткері С.Әбішов өнегелі өмірімен баршаға үлгі бола білген еңбек және соғыс ардагері, қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Ы.Қалиевтің өмірі мен еңбек жолындағы белді-белестері, жеткен жетістіктері туралы сыр шертіп, естеліктерімен ой бөлісті. Сондай –ақ қоғам қайраткерінің қызы Ф.Қалиева ел азаматының еңбегін ұмытпай, кейінгі ұрпаққа танытуда ұйымдастырып жатқан шараға алғысын айтып, жылы лебізін білдірді. Шара соңында архив қорындағы Ы.Қалиевтің жеке тектік қор құжаттарынан дайындалған «Ғибратты ғұмыр» тақырыбындағы көрме таныстырылып, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қоғам қайраткерінің тағылымды ғұмыры жайында бейнеролик көрсетілді.