Ауған соғысы – тек қана тарихтың бір парағы емес, халқымыздың рухын көтеріп, ел қорғаудағы жанқиярлықтың ерекше кезеңі болды. Оқ пен оттың ортасынан оралған ардагерлер үшін Ауғанстан жазылмас жан жарасына айналды. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Биыл Ауған соғысының аяқталғанына 36 жыл және ауған соғысына қатысушы, жауынгер-интернационалист Б.Шалғынбаевтың туғанына 60 жыл толып отыр. Осыған орай 2025 жылғы 19 ақпанда Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві және Б.Шалғынбаев атындағы №217 ІТ мектеп-лицейінің бірлесе ұйымдастыруымен «Ауғанның отты жалыны» тақырыбында кездесу өткізілді.
Шараның мақсаты ауған оқиғасының тарихи мағыналық ақиқатын ашу, елі, жері үшін күрескен жауынгер-интернационалист Б.Шалғынбаевтың ерен ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету, жастарды ұлтжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелеу. Кездесуге ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы, полковник Е.Досаев, «Застава тарландары» РҚБ Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы А.Худояров, Б.Шалғынбаевтың ағасы М.Шалғынбаев, ауған соғысының ардагерлері А.Сәулебеков, С.Омаров, Б.Шалғынбаев атындағы №217 ІТ мектеп-лицейінің мұғалімдері, оқушылары, архив мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Тағылымды шара Б.Шалғынбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ауған соғысында қаза тапқан боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Шараны Б.Шалғынбаев атындағы №217 ІТ мектеп-лицейінің директоры А.Тәженова ашып, ауған соғысы ардагерлерін мерекесімен құттықтап, қаза болған жауынгерлердің жарқын бейнесі ұрпақ жадында жаңғырып, ерліктің үлгісі болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Ж.Алтынбаева архив қорында сақталуда тұрған ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлердің құжаттар коллекциясына тоқталып, батыр ағаларының өжеттігін үлгі етуге, жастарды ерлікке әрдайым тағзым етуге шақырды. Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы, полковник Е.Досаев жастарға батырлық пен Отанға деген адалдықтың құндылығын ұғындырып, тарихтың ауыр беттерін ұмытпау керектігін айтып, жауынгерлердің ерлігін ұлықтап, жиналған көпшілікке ізгі лебізін білдірді. Ауған соғысының ардагерлері А.Сәулебеков, С.Омаров оқушылармен сұхбаттасып, соғыс жылдарындағы қиын кезеңдері мен бастан кешкен қызықты оқиғаларымен, естеліктерін айтып, Отанға деген құрмет сезімдерімен бөлісті. Сонымен қатар жоғары сынып оқушылары тарапынан сахналық көрініс қойылып, өнерлі оқушылар патриоттық әндер шырқап, жүректен шыққан өлең жолдарын арнап, шараға ерекше көңіл-күй сыйлады. Шара соңында архив қоры құжаттарынан дайындалған Ауған жолдарымен өткен жас сарбаздардың ерліктерін баяндайтын «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбындағы көрме таныстырылып, «Ауған ақиқаты» атты жауынгерлердің ерлігі мен батылдығы туралы бейнеролик көрсетілді.