1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға Кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, 1989 жылы 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Он жылға жуық өзге елдің мүддесін қорғаған Ауғанстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер интернационалдық міндетін атқарды.
Олардың 924 –і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам із-түссіз кетті, мыңдаған адам елге мүгедек болып оралды. Аталған тарихи күнге орай 2023 жылдың 7 ақпанда Қызылорда облсының мемлекеттік архивінің қызметкерлері Талсуат ауылы №178 орта мектебінің жоғары сынып оқушыларына «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырды. Көрменің мақсаты Ауған соғысы туралы жастарға мағлұмат беру, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгерлердің ерлігін үлгі ету, ауған соғысында опат болған боздақтар рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге, жастардың бойында патриоттық сезімнің қалыптастыру. Көрмеге Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің суреттері, өмірбаяндары, отбасына, достарына жазған хаттары, марқұмдардың соғыстағы ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», «Ауған халқынан интернационалист жауынгерге алғысы» медальдарымен марапатталуы туралы куәліктері қойылды.