2023 жылғы 10 ақпанда Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 34 жыл толуына орай архив қорындағы ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлердің құжаттарын көпшілікке таныстыру, ауған соғысында опат болған боздақтар рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге, жастардың бойында патриоттық сезімін қалыптастыру, қайсар жауынгерлердің ерлігін үлгі ету мақсатында «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.
Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша Департаментінің қыметкерлері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әскери кафедрасының оқытушылары мен студенттері, архив қызметкерлері қатысты.
Шарада архив басшысының орынбасары Ж.Алтынбаева «Ауған соғысының батырларын ұмытуға құқығымыз жоқ. Олар – барлығымызға, әсіресе жастарымызға үлгі, Отанға деген борышын өтеу аса маңызды екенін көрсете білді. Оларды Отанды шын сүюдің үлгісі деп танимыз»деп айта келе, архив қорында сақталған Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлердің құжаттарына тоқталды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша Департаментінің әскери қызметкері, Тәжік-ауған шекарасында әскери қызмет атқарған Ермағанбетов Дархан Таңатарұлы Тәжік-ауған қақтығысында басын қатерге тігіп, батылдық көрсеткен соғыс ардагерлерінің ерліктерін насихаттап, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғауға дайын болуға шақырды.