Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Кеңес әскелерінің жекелеген бөлімшелері Ауғанстан аумағынан шыға бастауы өте күрделі операция еді. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғаныстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер интернациональдық міндетін атқарды.
Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азаматтар елге мүгедек болып оралды. 1989 жылы 15 ақпанда Женева келісімінде белгіленгендей Ауғанстаннан соңғы кеңес әскерлерінің әкетілуі аяқталды. Кеңес Одағы Женева келісімін мүлтіксіз белгіленген мерзімде орындады. Қаншама қазақстандық отбасына қасірет әкелген Ауған соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына биылғы жылы 34 жыл толды. Осы соғыста қаза болған жауынгерлерді еске алып, тағзым етеміз. Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде «Ауған соғысына қатысушы интернационалист-жауынгерлер» қор коллекциясында, соғыста қаза болған жауынгерлердің жеке тектік құжаттары және Қызылорда облысы бойынша Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің тізімдері сақталуда.