Архив қорында сақталған құжаттар – тарихтың қайнар бұлағы, сол себепті де тарихи сананы жаңғыртуда бұл құжаттардың алатын орны зор. Архив қызметінің негізгі бағыты – халықтың құжаттық негіздегі жадысы мен естелігін сақтау болып табылады. Мұндағы әр құжаттың астарында үлкен бір тарих бар. 2025 жылғы 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2022 жылғы 4-тармағына және 2022 жылғы 5 қыркүйекте бекітілген «Архив және болашақ ұрпақ» жобасының тұжырымдамасына сәйкес Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде жалпы орта мектептің мұғалімдері мен оқушыларына «Архив және болашақ ұрпақ» атты ашық есік күні өткізілді.
Шараға Б.Момынбаев атындағы №278 ІТ-мектеп-лицейі, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің және Р.Әліарыстанов атындағы жеке мектептің мұғалімдері, оқушылар қатысты. Шараның мақсаты архив қорындағы дереккөздерді пайдалана отырып, өлке тарихын зерттеуге балаларды кеңінен тарту, архив құжаттарын насихаттай отырып өскелең ұрпақтың қызығушылығын арттыру, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімдерін дамыту. Тағылымды шараны Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысының орынбасары Ж.Алтынбаева ашып беріп, тарихымызды құнды құжаттармен толықтырып отырған архив мекемесінің құрылу тарихына, архив деректерінің маңыздылығына тоқталып, жұмыс барысына шолу жасап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шара барысында Б.Момынбаев атындағы №278 ІТ-мектеп-лицейі оқушылары арасында Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай «Қызылорда өңірінің экономикалық дамуының мүмкіндіктері» тақырыбында пікірсайыс өткізіліп, төрешінің шешімімен ұтымды пікір білдіріп, мәселенің өзектілігін жеткізген сөз бәйгесінде І орынды Б.Момынбаев атындағы №278 ІТ-мектеп-лицейінің Үкімет – Спикерлері иеленіп, дипломдармен марапатталды. Пікірсайысқа Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Қ.Ақпанов төрелік етті. Шара соңында қатысушыларға архивтің тыныс-тіршілігі туралы бейнеролик көрсетіліп, архив қорындағы дереккөздер негізінде дайындалған «Тарих айнасы – архив құжаттарында», «Архив – ұлттық құндылықтар қазынасы» атты тарихи-құжаттық көрмелер таныстырылып, қор сақтау қоймалары мен бөлімдердің жұмысына экскурсия жасалынды.