2024 жылғы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2022 жылғы 4-тармағына және 2022 жылғы 5 қыркүйекте бекітілген «Архив және болашақ ұрпақ» жобасының тұжырымдамасына сәйкес Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде жалпы орта мектеп оқушылары және орта оқу орнының студенттеріне «Архив және болашақ ұрпақ» атты ашық есік күні өткізілді.
Шараның мақсаты архив қорындағы дереккөздерді пайдалана отырып, өлке тарихын зерттеуге балаларды кеңінен тарту, архив саласының имиджін арттыру, архив құжаттарын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімдерін дамыту. Шараны Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева ашып, төл тарихымызды құнды құжаттармен толықтырып отырған архивтің құрылу тарихы, қоғамдағы ролі, архив деректерінің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәтттілік тіледі. Шара барысында облысымыздың өткені мен бүгінін, қарқынды дамуын, ұлттың тарихын, көрікті жерлерін бейнелеп, жастарға бейнелеу өнерінің қыр-сырын жан-жақты үйрету, дүниетанымын, шығармашылығын, эстетикалық талғамын кеңейту мақсатында «Сыр өлкесі – тұнған шежіре» тақырыбында сурет байқауы өткізілді. Қазылар алқасында Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының архив ісін үйлестіру және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Н.Әбілдаева, Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева, «Болашақ» университетінің оқытушысы, суретші Г.Рамазанова төрелік етті. Талантты жастар арасында өткен сурет сайысының қорытындысы бойынша әділқазылардың шешімімен ІІІ жүлделі орынды Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейінің оқушысы Ә.Алиакбар, ІІ жүлделі орынды «Бәйтерек school kz» жеке мектеп-интернатының оқушысы А.Айдарова, І жүлделі орынды М.Сужиков атындағы №6 орта мектебінің оқушысы Ж.Жасмин иеленіп, дипломмен марапатталды. Қалған қатысушыларға «Жас қалам», «Үздік композициялық ізденіс», «Креативті суретші», «Ғажайып палитра», «Үздік тақырыптық жоба», «Сиқырлы қалам» номинациялары және алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар тұғырлы тұлғалар мен өңір тарихына қатысты құнды құжаттарды ұрпақтар санасында жаңғырту, жастардың патриоттық сезімін ояту мақсатында архив қорындағы «Қызылордалық Социалистік Еңбек Ерлері» қор коллекциясы құжаттарынан «Еңбек ерлікке жеткізеді», «Өмірі өшпес өнеге» тақырыптарында тарихи-танымдық сабақтар өткізіліп, тарихи оқиғалар мен өлке тарихына қатысты викториналық сұрақтарға жауап берілді. Шарада Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің студенттері және Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі жанындағы қосымша білім беру орталығының «Жас домбырашылар» ансамблінің мүшелері өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Шара соңында қатысушыларға архивтің тыныс-тіршілігі туралы бейнеролик көрсетіліп, архив қорындағы дереккөздер негізінде дайындалған «Тарих айнасы – архив құжаттарында», «Архив – ұлттық құндылықтар қазынасы» атты тарихи-құжаттық көрмелер таныстырылып, тарихи құнды құжаттар сақталған қор сақтау қоймаларына экскурсия жасады. «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында өткізілген ашық есік күніне барлығы 200 адам қатысты.