2024 жылғы 17 қазанда Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде «Архив – тарих сақтаушысы» тақырыбында ашық есік күні және архив қорына сақтауға қабылданған Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, суретші, суретшілер одағына қарасты Қызылорда облысының суретшілер шеберханасының төрағасы Ахметов Тоқтарбайдың жеке тектік құжаттарынан көрме ұйымдастырылды. Шараға Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің оқытушысы, студенттері, Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектебінің мұғалімі және оқушылары қатысты.
Шараны Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева ашып, архив мекемесінің құрылу тарихы мен жұмысына тоқталып өтті. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қ.Ембергенов суретші Т.Ахметовтың өмірі мен еңбек жолы туралы айтып, шығармашылық жолындағы қызықты естеліктерімен ой бөлісті. Шара барысында архив қорында сақталған суретші Т.Ахметовтың өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін жеке құжаттары, өнер туындылары таныстырылып, қатысушылар қор сақтау қоймаларына экскурсия жасады.