Архив - ел тарихын түгендеп, қоғамның жадысын сақтайтын баға жетпес қазына. Құжаттарды дұрыс сақтау ғана емес, оларды тиімді пайдалану мен заманауи цифрлық жүйелерге енгізу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отыр. Осыған орай өңірлік деңгейде тәжірибе алмасу мен кәсіби біліктілікті жетілдіру бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Осы мақсатта 16-17 қыркүйекте Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен «Архив құжаттарын беру тәртібі» және
«Е-Архив» ақпараттық жүйесінде жұмыс жасауға арналған өңірлік семинар өтті. Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Ұлттық архив, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының архив қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ведомстволық архив мамандары қатысты. Семинардың басты мақсаты - архив ісі саласында тәжірибе алмасу және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру. Шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы С.Тащанова ашып, архив саласындағы жаңа өзгерістерге тоқталды. Облыстық басқарма басшысы Ж.Сейілов қатысушыларды құттықтап, өңірлер арасындағы кәсіби ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Семинар аясында архивтік құжаттарды оқу залдарына, уақытша пайдалануға немесе ұйым қызметкерлеріне беру тәртібі, сот және құқық қорғау органдарына құжат ұсыну тәжірибесі, сондай-ақ құжаттарды сканерлеу мен «Е-Архив» ақпараттық жүйесінің тиімділігі талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде ұйымдастырылған тарихи-құжаттық көрмемен танысты. Көрмеде ұлт тарихына қатысты Орынбор мен Өзбекстан мемлекеттік архивтерінен әкелінген құнды құжаттардың көшірмелері қойылды. Бұл семинар архив саласының өзекті мәселелерін бірлесе шешуге, кәсіби қауымдастықты нығайтуға және заманауи цифрлық жүйелерді тиімді пайдалануға серпін берді.