Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып отырған баға жетпес асыл мұрамыз. 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданып, Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп бекітілді. Бұл мереке 1998 жылдан бері аталып келеді. Сол жылы қыркүйектің 22-і – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні болып жарияланды. 2017 жылғы «Қазақстан Республикасының мереке күндер тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің қаулысына сәйкес, Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйек болып белгіленді.
Атаулы датаның өзгеруінің себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» екендігін айтып, ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының азат тағдыры мен тілі үшін күрескен халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, аудармашы – Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Осы атаулы күнге орай бүгін Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде архив қоры құжаттарынан «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Шараға Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері және М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің қазақ тілі мамандары қатысты. Шараның мақсаты мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру. Шараны Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева ашып, тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі мәртебелі де тұрақты болып, өрістеп дамуына үлес қосу жастардың жауапкершілігінде болатын міндет екендігіне тоқталып, ана тіліміздің мерейлі мерекесімен құттықтады. Шара барысында архив қорында сақталған құжаттардан 1925 жылғы қалалық атқару комитетінің барлық бөлімдер мен мекемелерді сұраныстарға тек қазақ тілінде жауап беруге міндеттеу, Қазақ халық ағарту институтында қызмет еткен жылдардағы Ахмет Байтұрсынұлының қолы қойылған хаты, халық ағарту комиссары О.Жандосовтың білім салаларын латын әліпбиіне көшіру туралы жазған хаты, жаңа бірізділік қазақ әліпбиінің жобасын бекіту, араб әліпбиін тоқтату туралы Халық комиссарлар кеңесінің хабарламасы, латындандырылған қазақ жазуын жаңа әліпбиге көшіру жұмыстары туралы деректер айтылып, тілдер күніне арналған бейнеролик көрсетілді.
Шара соңында қатысушылар «Қызылорда облысына-85 жыл» атты тарихи-құжаттық көрмемен, архивтің жұмысымен танысып, қор сақтау қоймаларына экскурсия жасады.