2023 жылғы 29 тамызда Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің мәжіліс залында 30 тамыз Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай «Елдіктің асыл тірегі – Ата заң» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шараның мақсаты Қазақстан Республикасының Ата заң баптарындағы руханият, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қазақстандық патриотизмді одан әрі нығайту мәселелері бойынша ой пікірлерді ортаға салу, Ата Заңына құрмет, шынайы сезім, ұлттық рух тұрғысында қарауға дағдыландыру. Дөңгелек үстелге Қызылорда облысы бойынша полиция департаментінің, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің,
Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының мамандары, «ORDA» жоғары колледжінің заңгері, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің тарихшы маманы және архив қызметкерлері қатысты. Шараны Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Абзалиева ашып, Қазақстан Республикасының негізгі заңының ерекше маңыздылығын атап, мерекемен құттықтады. Дөңгелек үстел барысында алғаш сөз алған Қызылорда облысы бойынша полиция департаментінің кадр саясаты басқармасының инспекторы, полиция капитаны Н.Ерболұлы Конституцияның ел дамуындағы рөлі, конституцияның Қазақстан халқының еркіндігін, оның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуындағы маңыздылығын атап өтті. Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы С.Қазбекова адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын пайдалану принциптері туралы, азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясында және қолданыстағы заңнамасында көзделген қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттемелері туралы пікірін ортаға салды.
Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты тіл орталығының сарапшысы М.Тілеубекова қазақ заңының негізі әдет-ғұрыптан басталатынын алға тартып, ата заңның ел тұрақтылығының негізі екенін атап өтті. «ORDA» жоғары колледжінің тарих пәнінің оқытушысы, заңтану магистрі Б.Жусупова «Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар» тақырыбында баяндама оқыды. Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі, тарих магистрі Ғ.Жәрімбет ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихында Қасым ханның «Қасқа жолынан» бастау алған бүгінгі Ата заңымыздың тарихи маңызы аса зор құжат екендігін, қоғамның әрбір мүшесі Ата заңды жете меңгеру қажеттігін айтты.
Шара соңында қатысушыларға архив қоры құжаттарынан дайындалған «Тәуелсіздік тірегі - Ата заң» тақырыбында бейнеролик, «Қызылорда облысына – 85 жыл» атты көрме таныстырылды.